Мемлекет баланың ЖОО-да оқуына 235 мың теңге бастапқы капитал береді

Мемлекет баланың ЖОО-да оқуына 235 мың теңге бастапқы капитал береді bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 4 желтоқсан, 2024

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл сома ұлғайтылды

Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ашық НҚА» порталына адамның ЖОО-да оқуына бастапқы капитал берудің ережелерін жариялады. Ол ереже келесі жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енуге тиіс.

Демек баланың оқуына жинақтау депозитіне немесе білім беруді сақтандыру шарты бойынша есептік сомаға бюджеттен біржолғы төлем аударылады.

Бастапқы төлем – 60 АЕК (235 920 теңге). Бұл – көптеген отбасы үшін айтарлықтай қолдау. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл сома 120 АЕК-ке (471 840 теңге) ұлғайтылды.

Капитал 5 жасқа толған инвестор немесе бенефициарлардың шотына есептеледі. 

Үдеріс былайша іске асады:

  • Балалардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органдар төлемдерге өтініш берушілер туралы ақпаратты жібереді;
  • Банктер мен сақтандыру компаниялары қолданыстағы келісімшарттар туралы мәліметтерді ұсынады;
  • Білім беру жинақтау жүйесінің операторы ақпаратты өңдейді және шоттарға қаражат аударады.

Есеп жылына екі рет жүргізіледі:

  • 31 тамызға дейін – 5 жасқа толған балаларға;
  • Келесі жылдың 28 ақпанына дейін – 5-ке енді толып жатқандарға.

Ата-аналар жылдық жарна салып отыруы керек. Көпбалалы отбасы балаларына 12 АЕК, ал қалғандары 24 АЕК төлейді.

Бала грантқа түссе, жинақ салымдарын тек оқуға ғана емес, тұрғын үй қажеттіліктеріне де пайдалануға болады.

Атап айтқанда:

  • тұрғын үй немесе жер сатып алу;
  • бастапқы жарна және ипотекалық несиені өтеу;
  • жеке үйді жөндеу немесе салу;
  • сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді төлеу.

Мемлекеттік білім гранты бойынша оқитын балалар үшін қаражатқа қолжетімділік оқуды аяқтағаннан кейін ашылады. Ол қаражатты шетелге құжат тапсырған кезде де пайдалануға болады.

Егер жылдық алым төленбесе, салымшы азаматтығынан айырылса, шарт мақсатын бұзса, бастапқы капитал бюджетке қайтарылады. Инвестор төтенше жағдайға тап болса немесе карантиндік шараларға байланысты табысынан айырылса, онда қайтару міндеттелмейді.