Ел тұрғындарының үштен бірі ғана орташа жалақыдан жоғары табыс табады
Жалақыны есептеуде 3,4 миллион жалдамалы жұмысшы санатқа алынған
2024 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы шамамен 400 мың теңге болды. Ал ірі және орта кәсіпорындардағы жұмысшылардың тек 28,9%-ы ғана орташа деңгейден жоғары жалақы алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде жалпы 993,5 мың адам орташа жалақыдан көп ақша алады. Ал жоғары жалақы алатын жұмысшылардың үлесі бойынша Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облыстары көш бастап тұр.
Ұлытау өңіріндегі ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің 50,4%-ы, яғни 28,6 мың адам 400 мың теңгеден аса жалақы алады.
Маңғыстау облысы – 2-орында. Ондағы орташадан жоғары жалақы алатындардың үлесі – 43% немесе 63,1 мың жұмысшы.
Үшінші орында Атырау облысы тұр. Ондағы жұмысшылардың 41,1%-ы немесе 76,5 мың адам 400 мың теңгеден жоғары жалақы алады.
Соңғы үштікте Жамбыл, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.
Жамбыл облысында тіркелген ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін барлық жұмысшының тек 18,6%-ы республикалық орташа жалақыдан жоғары алады. Жетісу облысында – 18% немесе 17,1 мың адам. Ең соңғысы – Солтүстік Қазақстан облысы. Онда орташадан жоғары жалақысы бар 15,9 мың адам жұмыс істейді, бұл – өңірдегі барлық қызметкердің 17,1%-ы.
Еске сала кетсек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмысшы болып саналмайды. Ұлттық статистика бюросы жалақыны есептеу мақсатында 3,4 миллион жалдамалы жұмысшыны есепке алған.