Вьетнамда ең бай әйелдердің бірі өлім жазасына кесілді
Оның әрекетінен келген жалпы шығын – 27 миллиард доллар
Вьетнамда елдегі ең бай әйелдердің бірі Чыонг Ми Лан алаяқтық жасағаны үшін сотталып, өлім жазасына кесілді. Ол алаяқтықпен алған соманың 4/3 бөлігін, яғни 9 миллиард долларды өтесе, өлім жазасынан құтыла алады, деп хабарлады Stan.kz ВВС арнасына сілтеме жасап.
68 жастағы Чыонг Ми Лан өлім жазасына биыл сәуірде кесілген.
Сот оның 2011-2022 жылдар аралығында Сайгон коммерциялық банкінен 304 триллион донг (шамамен 12,5 миллиард АҚШ доллары) несие алғанын анықтаған. Бұл – Вьетнамның 2022 жылғы ЖІӨ-нің шамамен 3%-ы. Оның әрекетінен келген жалпы шығын 27 миллиард долларға бағаланып отыр.
Вьетнам заңына сәйкес, экономикалық қылмысы үшін өлім жазасына кесілгендер ұрланған қаражаттың 75%-ын қайтарса, тірі қалады. Сондықтан Чыонг Ми Лан өлім жазасына кесілмеуі үшін шамамен 9 миллиард доллар төлеуі керек.
Апелляциялық шағымда кәсіпкер әйелдің қорғаушысы жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына өзгертуді сұраған. Адвокаттардың айтуынша, сотталған адамның үстінен өлім жазасы қаупі төнбесе, оған қажетті соманы өндіру әлдеқайда жеңіл болады.
Ал 9 миллиард долларды табу үшін Чыонг Ми Лан Хошимин қаласындағы жылжымайтын мүлік, акциялар мен кәсіпорындардағы және құрылыс жобаларындағы үлестер сияқты активтерін сатуы керек.
Оның активтерінің жалпы құны талап етілетін өтемақы сомасынан асып түседі. Алайда оларды сату көп уақытты қажет етеді. Оның активтерінің көпшілігі – тез сатылмайтын жылжымайтын мүлік, – деді адвокаттарының бірі.
Қорғаушы тараптың дәлелдеріне қарамастан, сот Чыонг Ми Ланның үкімін өзгертпеді.
Үкімнің нақты қашан орындалатыны белгісіз. Вьетнам өлім жазасын мемлекеттік құпия ретінде қарастырады және ол туралы мәліметтерді жарияламайды. Әдетте үкім шығару мен орындау арасында бірнеше жыл өтеді.
Чыонг Ми Лан ісі – Вьетнамдағы әйел экономикалық қылмыс үшін өлім жазасына кесілген сирек жағдай. Қылмыстық іске одан басқа 85 адам қатысқан. Оның ішінде күйеуі мен жиені де бар. Олардың барлығы кінәлі деп танылып, 3 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Еске сала кетсек, Чыонг Ми Лан ақшаны жылыстату бойынша өмір бойына бас бостандығынан биыл қазанда айырылған болатын.