Елімізде үш жәрдемақыны тағайындау үдерісі жеңілдейді

Елімізде үш жәрдемақыны тағайындау үдерісі жеңілдейді bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 3 желтоқсан, 2024

Талқылау 18 желтоқсанға дейін жалғасады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік-еңбек саласында 3 мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін автоматтандыруды жоспарлап отыр.

Министрлік мәліметінше, осы мақсатта адам факторын жою және қызметтерді көрсету үдерісін автоматтандыру бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Осылайша, оларды ұсынудың жедел үдерістері 7 жұмыс күнінен 1 күнге дейін қысқарады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әдіспен көрсетілетін қызметтерге мыналар кіретінін мәлім етті:

  • «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;
  • «Халық қаһарманы» атағы берілген адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;
  • Жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша төленетін айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдері тағайындалған І, ІІ және ІІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау.

Осыған орай «Ашық заңды тұлғалар» порталына «Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесі арқылы әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы» бірлескен бұйрық жобасы орналастырылды.

Талқылау 2024 жылдың 18 желтоқсанына дейін жалғасады.