«Аралтұздың» басшысы өнім үстіне дәрет сындырады - зауыт жұмысшылары
Шамамен 50 метр жерде әжетхана бар, соған бармайды, - дейді күзетшісі
«Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары Jas Alash редакциясына ас тұзының үстіне дәрет сындырған басшыларының видеосын жолдаған.
Зауыт күзетшісі Мейрамбек Баубековтің айтуынша, мекеме директоры жақын жердегі әжетханаға бармай, тұзға дәрет сындыруды әдетке айналдырған.
Оған бұл ісі болмайды, жақын жерде әжетхана бар ғой деген сияқты жұмсартып айттық. Бастық қой. Қатты айта да алмаймыз. Әйтпесе, шамамен 50 метр жерде әжетхана бар. Соған бармайды. Тұз деген ас қой. Асқа дәрет сындырғанды қалай түсіндіресіз? Енді соны айтқан едім, мені қудалап жатыр, - дейді күзетші.
Бұл сөзді зауыттың тағы бір жұмысшысы растаған. Оның айтуынша, мекемеде тазалық сақталмайды, қызметкерлерге цехта киюге арналған бөлек киім мен аяқ киім берілмейді. Олар әжетханаға киетін аяқ киімімен келіп жұмыс істей береді екен. Ал директордың дәрет сындырған видеосы тарап кеткен соң жұмысшыларға қысым көбейген.
Арал қаласының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы тазалықтың сақталмауына байланысты цех басшылығына айыппұл салған. Бірақ мәселе одан кейін де шешімін таппаған көрінеді.
Мақала авторының жазуынша, зауыт басшысы Серік Қадыкешов өзінің тұзға дәрет сындырғанын мойындамаған.