Шымкентте шенеуніктер жылу, электр желілеріне бөлінген 1,1 млрд теңгеге пәтер сатып алған
Барлық айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу және электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Сонымен қатар күдіктілер лауазымды адамдар ұрлаған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде адамдарға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен барлық 7 айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.