«Ұлттық қор – балаларға»: келесі жылы 900 млн доллардай түседі
Шамамен 7 миллион бала өз төлемдерін алады
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 2025 жылы еліміздегі балаларға Ұлттық қордан жоғары мөлшерде төлемдер түсетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы әр балаға бөлінетін орташа төлем мөлшері – шамамен 128 долларға (қазіргі курспен 66 304 теңге) тең. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда, 28 долларға артық. Өсім ұлттық қордың инвестициялық табысының жақсы нәтижелерімен түсіндіріледі. Он айда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 5,3 миллиард доллар болды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, осы соманың жартысы балаларға арналған төлемдерге жұмсалады. Осылайша, кейінгі жылдардағы жақсы инвестициялық нәтижелердің арқасында төлем сомасы артады.
Ұлттық банктің мәліметінше, төлемдер Ұлттық қор активтерінің соңғы 18 жылдағы орташа жылдық табысының 50%-ы мен қордың таза валюталық активтерінің нарықтық құнына көбейтілген көрсеткіш негізінде есептеледі. 2024 жылы Ұлттық қордың валюталық активтері шамамен 60 миллиард долларға жетті. Ал кейінгі 18 жылдағы орташа жылдық табыс – 3%-ға тең. Сөйтіп, келесі жылы шамамен 7 миллион бала өз төлемдерін алады. Бұл – 900 миллион долларға шамалас.
Аударымдарды былай тексеруге болады:
- заңды өкілдер үшін жеке кабинетте «Электронды үкімет» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы;
- БЗЖҚ интернет-ресурсында.