Несие алғысы келгендердің өтініші неге қабылданбай жатыр? - сарапшылар пікірі
Несие берешегі табысының 50 пайызынан аспауға тиіс
Несие беру саласындағы ережелердің өзгеруі банктер мен басқа да қаржы ұйымдарын тәуекелге баруға мәжбүрлейді. Енді олар азаматтардың арызын мұқият тексеріп, көбіне несие беруден бас тартуға көшкен, деп жазды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстанда несие беру тәртібі өзгерді. Соған байланысты тұтынушыларға талап жоғарылап, несие аз берілетін болды. The HODL Telegram-арнасы сарапшыларының мәліметінше, кепілсіз несие алу жөніндегі өтініштердің 70 пайыздан астамы қанағаттандырылмаған.
Жаңа заң бірқатар шектеу енгізді. Солардың ішінде тұтынушының табысы мен несие көлемі арасындағы айырмашылық, займ көлемін шектеу, үстемеақы көлемін азайту талаптарын атауға болады.
Банктер мен шағын қаржы ұйымдары несие сұратушыларды мұқият тексеруге мәжбүр. Өйткені олар ақшаның қайтпай қалуынан қауіптенеді. Сол себепті жұрттың несие алуға жауапкершілікпен қарағаны жөн.
2024 жылғы маусымда несие алушылардың құқығын қорғау мен борышкерлер санын азайтуды көздейтін заң қабылданды. Содан кейін кепілсіз тұтыну займдарын алу қиындап кетті. The HODL Telegram-арнасы сарапшыларының айтуынша, биыл үшінші тоқсанда кепілсіз несие сұратушы азаматтардың 70 пайыздан астамының өтініші қабылданбаған.
Бұған қоса, автонесие сұратушылардың 80 пайыздан астамының, кепілмен несие алғысы келгендердің 68 пайыздан астамының арызы қанағаттандырылмаған.
Бұл уақытта Қазақстанда автонеисе мен ипотека займдарын беру көрсеткіші ұлғайған. Яғни осы саладағы қиындық көбіне кепілсіз займ алғысы келетіндерге қатысты болып отыр. Сол себепті қазақстандықтардың заңның жаңа ережелерін мұқият зерттеп алғаны жөн.
Жаңадан қабылданған заңға сәйкес, несиелеу саласына займ алушыларға қойылатын талаптарды күшейтетін өзгерістер енгізілді. Мысалы, басқа бір несиесін 90 күннен аса уақыт қайтармаса, мұндай азаматтың несие алу жөніндегі өтініші қабылданбауы мүмкін. Ал берешекке үстеме пайыз қосуға тыйым салынған. Бұған қоса, несие алушының табысы мен қарызы арасындағы айырмашылық есепке алынады.
Мысал келтірер болсақ, қазақстандықтардың несие берешегі табысының 50 пайызынан аспауға тиіс.
Қаржы сарапшыларының хабарлауынша, банктер мен шағын қаржы мекемелерінің шешіміне әсер ететін тағы бірнеше жайт бар. Солардың бірі – қайтпаған несиені коллектор агенттіктеріне беруге тыйым салу (2026 жылдың 1 мамырына дейін). Мұндай жағдайда несие беруші ұйым мәселені өзі шешуге тиіс.
Оның үстіне, 1 мың АЕК (2024 жылғы көрсеткіш бойынша, 3 692 000 теңге) жоғары несие алған жағдайда күйеуі немесе әйелінің рұқсаты қажет болады.
Займ көлеміне де шектеу қойылды. Оның ең жоғарғы шегі: банктер үшін 2 200 АЕК (8 122 400 теңге), шағын қаржы ұйымдары үшін 1 100 АЕК (4 061 200 теңге).
Заңға сәйкес, үстемақы лимиті төмендеді. Банктер мен шағын несие ұйымдары үшін кепілсіз несиеге 46 пайызға дейін (бұрын 56 пайыз болған), банктер үшін кепіл қою арқылы берілетін несиеге 35 пайызға дейін (бұрын 40 пайыз болған) үстемақы лимиті белгіленген.
Жеке кәсіпкерлер үшін несиенің ең жоғары көлемі 2 710 АЕК-тен 27 000 АЕК-ке дейін (10 миллионнан 99,6 миллион теңгеге дейін) белгіленді.
Бұл нені білдіреді? Түк қиындығы жоқ: енді банктер, шағын несие ұйымдары және басқа да қаржы мекемелері несиенің кез келген түрін аса сақтықпен бере бастайды. Сол себепті несие алғысы келетін азаматтардың өтініші көп жағдайда қабылданбай қалады, - дейді сарапшылар.
Басқаша түсіндірер болсақ, банктер мен шағын қаржы ұйымдары несие алушыларға қойылатын талаптарды күшейтеді. Себебі жоғары үстемақы қоя алмайды, займдар қайтарылмаған жағдайда күйіп қалу қаупі туындайды.
Сарапшылардың пікірінше, қаржы ұйымдары бас тартпасын десе, қазақстандықтарға несие алу ісіне тыңғылықты дайындықпен кіріскені жөн.