12 мыңнан аса тұрғынға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды

12 мыңнан аса тұрғынға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 27 қараша, 2024

Міндетті шарттарды орындамаған 368 өтініш иесіне көмек берілмеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қанша қазақстандықтың әлеуметтік төлем алатындығын айтты. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап елімізде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілгенін еске салды.

Төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарт саналады. Төлем зейнет жасына дейін төленеді. Әрбір жұмысшы үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады. 

Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмысшылар жеңіл жұмысқа ауыса алады. Содан кейін олар жалақы мен төлемге қол жеткізеді немесе демалысқа, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.

Биыл 25 қарашадағы жағдай бойынша, 12 835 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 13 673 адам өтініш білдірген, - деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Сондай-ақ екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 3 151 адамның жүгінгені, оның 3 037-сіне тағайындалғаны атап өтілді. 

Мұнымен қоса, төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 522 адам өтініш білдіріп, оның 9 798-іне тағайындалған.

351 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтіп отыр. 119 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамаған 368 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды, - делінген ақпаратта.

Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны тіркелген:

  • Қарағанды облысы (2 көзден – 538 адам, 4 көзден – 1 835 адам);
  • Қостанай облысы (2 көзден – 340 адам, ал 4 көзден – 1 151 адам);
  • Шығыс Қазақстан облысы (2 көзден – 283 адам, ал 4 көзден – 1 173 адам).

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмысшылар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Олардың 2,3 мыңнан аса позициясы бар.

Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады, делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.