Елімізде 945,7 мың теңге зейнетақы алатын адам бар
Ал БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем – 33 865 теңге
Елімізде зейнетақысы ең көп адамның айына қанша теңге алатыны белгілі болды. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, жоғары зейнетақы – 945 752 теңге.
Айта кетсек, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 2024 жылдың 1 қарашасында 20,7 трлн теңгеден асқан.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары түсіп жатыр. 2024 жылдың 10 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 194,9 млрд теңгеден асты. 2024 жылдың 10 айында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрі бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 990 млрд теңге болды. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңдегі төлемдер көлемінен 2 есеге жуық мөлшерге көп. 429,1 млрд теңге – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері, - деп хабарлады БЖЗҚ.
БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем 33 865 теңге болса, ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңге.
Сондай-ақ жыл басынан бергі 10 ай ішінде мұрагерлік бойынша төлемдер – 50,3 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 33,9 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 2,5 млрд теңгеден аса, жерлеуге төлемдер – шамамен 8,4 млрд теңге көлемінде. Сақтандыру ұйымдарына 294,1 млрд теңгеден аса сома аударылды. Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан берілетін орташа айлық төлем – 33 865 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы 945 752 теңге болды, - делінген хабарламада.