Министрлік мотор майлары саласының өкілдеріне жәрдемдесуге кірісті
Пилоттық жобаға қатысушылар өз бизнесі мүддесін қорғауға үлес қоса алады
Энергетика министрлігі «Атамекен» ҰКП және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, мотор майларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
Пилоттық жобаға нарықтың барлық қатысушылары – өндірушілер мен импорттаушылардан бастап, көтерме-бөлшек сауда сегментіндегі компанияларды қосу жоспарланған.
Мұдағы негізгі мақсат:
- мотор майлары нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз ету;
- тұтынушылар үшін мотор майларының шығу тегі туралы ақпараттың айқындылығы мен сенімділігін жақсарту;
- өнім айналымын бақылау және контрафактілік өніммен күресу тиімділігін арттыру;
- отандық өндірісті дамытуға және мотор майлары саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесу;
- ЕАЭО-дағы трансшекаралық сауда шеңберіндегі кедергілерді жою.
Өндірушілерді, импорттаушыларды, дистрибьютерлерді, логистикалық компанияларды, көтерме және бөлшек сатушыларды пилоттық жобаға қатысуға шақырамыз. Жобаға қатысу сіздің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігіңізді көрсетуге және нарықтағы беделіңізді нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сіз контрафактілік өніммен күресуге және өз бизнесіңіздің мүддесін қорғауға үлес қоса аласыз, – делінген ведомство хабарламасында.