Ұлттық ұлан сарбаздары несие төлеуден уақытша босатылды
Микроқаржы ұйымдарынан ақша алғандардың саны басым
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сарбаздарға «несиелік демалыс» беру туралы меморандумға қол қойған. Осыған байланысты Өскемендегі Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5518 әскери бөлімінің заңгерлері банктерге барып, сарбаздардың несиесін шегеру жұмысын жүргізді.
Аталған әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Серік Ноғаев сарбаздарда несие төлеуге қатысты мәселе барын мойындады.
Өкінішке қарай, жас жігіттер әскерге дейін несие үстіне несие ала берген. Әсіресе, микроқаржы ұйымдарынан ақша алғандардың саны басым. Егер оларды уақытша тоқтатпаса, берешек те күн сайын өсіп, несие тарихына да нұқсан келеді. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеуге келген 100 қарызгер сарбаз әскери бөлім заңгерлерімен бірге банк бөлімшесіне барып, несие төлемдерін уақытша тоқтату туралы өтініш қалдырды, - деді Серік Ноғаев.
Енді берешегі бар сарбаздар несиесін әскери борышын өтеп келгеннен кейін ғана төлейді. Оның өзінде қазір әскери борышын өтеп келгеннен 60 күннен кейін төлеуге мүмкіндік беріліп отыр.
Сенат депутаты Сергей Карплюк заңға енгізілген негізгі нормаларды түсіндірді. Сондай-ақ құжатта сарбаздардың құқығын қорғайтын нормалар енгізілгенін атап өтті.
Сарбаздың несиесі бар дейік. Конституцияға сәйкес, ол Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне келді. Банк ұйымдарына баруына біз белгілі уақыт керек деп шештік. Үкімет қорытындысын берді. Осылайша, әскери қызметшілерге 60 күн берілді. Әскери борышын өтеген жастар 60 күнде жұмысқа орналасып, төлем қабілетін ретке келтіре алады, - деді сенатор.