Түркістан облысы – халқының табысы ең төмен өңір
20 өңірдің 9-ында табыс орташа республикалық деңгейден жоғары
2023 жылдың соңына қарай қазақстандықтардың ақшалай табысы жан басына шаққандағы орташа есеппен 298,2 мың теңге болғанын хабарлады Finprom.kz. Бұл – 2022 жылдағысымен салыстырғанда, 21,5% көп көрсеткіш.
Жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда, үшінші тоқсанында үй шаруашылықтарының табысы 5,1% өскен. Ал 2022 жылы жеке табыс өсімі бір жылда – 16,5%, бір тоқсанда 3,1% болған.
Қазір 20 өңірдің 9-ында табыс орташа республикалық деңгейден жоғары. Ең жоғары көрсеткіш – Астанада: орта есеппен жан басына шаққанда, 430,3 мың теңге. Бұл көрсеткіш – бір жыл бұрынғыдан 27% артық.
Екінші орында Алматы қаласы тұр. Онда халықтың табысы бір жылда 34,1% өсіп, 392,1 мың теңге болған.
Үздік үштікті Қарағанды облысы түйіндеді. Онда бір адамға – 379,7 мың теңге, бір жылдағы өсім – 14,2%.
Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан (361,4 мың теңге) және Ұлытау (353,3 мың теңге) облыстары да енді.
Халықтың табысы ең төмен өңір – Түркістан облысы: жан басына шаққанда – 212,5 мың теңге. Одан кейін Жамбыл облысы (213,7 мың теңге), Шымкент (221,8 мың теңге), Қызылорда (226,3 мың теңге) және Жетісу (227,9 мың теңге) облыстары тұр.
Халық табысының 75%-ға жуығы (223 мың теңге) – еңбектен түскен табыс. Оның 193,6 мың теңгесі жалдамалы жұмыстан, 29,4 мың теңгесі өзін-өзі жұмыспен қамтудан және кәсіпкерлік қызметтен түскен.
Табыс құрылымында әлеуметтік аударымдар 63 мың теңге болып, бір жылда 14,3% өсті. Оның ішінде зейнетақы – 50,2 мың теңге, жәрдемақы – 11,5 мың теңге, шәкіртақы – 1,1 мың теңге.
Туыстары мен жақындарынан түскен материалдық көмек, сондай-ақ алимент бір жыл ішінде 24,4% өсіп, 6,9 мың теңге болды.
Өзге табыстар – 5,2 мың теңге, оның 1,4 мың теңгесі – меншік табысы, 3,8 мың теңгесі – басқа да ақшалай түсімдер.