Енді экспорттан түсетін кіріс бақылауды күшейту арқылы молаяды

Енді экспорттан түсетін кіріс бақылауды күшейту арқылы молаяды vest-news.ru
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 маусым, 2024

Жаңа заң жобасы елден капиталды алып кету тәуекелін болдырмауға да сеп

Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол заң жобасы президенттің трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген болатын.

Жаңа құжатта капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту көзделген. Өйткені кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады. Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады. Шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есеп алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты, елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылған.

Тағы бір норма – тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізу. Өйткені қазір трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларындағы мәмілелер бойынша жасалмайды. Сондай-ақ ірі мәмілелер бойынша жергілікті есепті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген.

Енді жаңа заң жобасы бойынша, жергілікті есепті ұсыну міндеті өзара байланысты бейрезидент азаматтармен мәмілелерді іске асыратын салық төлеушілерге жүктелмек. Бұл мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, нарықтық диапазонды айқындау тетігі енгізілгелі жатыр. Сонда неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылтуға болады. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді және халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.