Түркістандық 13 жастағы оқушы бес түрлі қамшы өріп, ұлттық бұйымдар жасайды
Ол жасаған бұйымдар түрлі деңгейдегі көрмелерге қойылып келеді
Түркістан облысы Келес ауданының 13 жастағы тұрғыны Бибарыс Қалдыбай бес түрлі қамшы өріп, ұлттық бұйымдар жасай алады, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық өнерді жанына серік еткен Бибарыс Қалдыбай Т. Белгібаев атындағы жалпы білім беретін №56 мектептің 8-сыныбында оқиды. Ол әкесі Әділханмен бірге сандық, қамшы, ұлттық бұйымдар жасайды. Сонымен қатар жас шебер қамшының 5 түрін өре алады. Бибарыс жасаған бұйымдар түрлі деңгейдегі көрмелерге қойылып келеді.
Ол – сабырлы, мейірімді. Жас кезінен өнерге қызыққан. Мектептегі іс-шараларға белсене қатысады. Сынып ішінде қиындықтар туып жатса, менімен бірге шешім шығаруға көмегін тигізеді. Сонымен қатар ол әрбір спорттық шараларға қатысып қана қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бибарыс мектепте қазақ күресі үйірмесіне қатысады. Оқу барысында білім деңгейінің көрсеткіші жақсы. Сабаққа үнемі дайындықпен келеді, - деді мұғалімі Гулнихол Абдурахманова.
Қазір Т. Белгібаев атындағы жалпы білім беретін №56 мектепте 600-ден аса оқушы білім алады. Мектепте оларды еңбекке баулу мақсатында түрлі шаралар да ұйымдастырылып тұрады.