Көлігін көк тудың түсіне боятқан Ақтау тұрғыны такси қызметін тегін көрсетеді
Оны безендіруге 1,5 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған
Ақтаулық Әлия Исаның Қазақстанның көк туы бейнеленген автокөлігі тұрғындардың назарын еріксіз аудартты. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлады.
Патриоттық автокөліктің жүргізушісі – 35 жастағы ақтаулық белсенді. Ол осыдан 3 жыл бұрын көлігін безендіруге 1,5 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған.
Бұны іске асырмас бұрын өз-өзіме: «Неге тәуелсіздігіміздің нышанына айналған, бейбіт аспанда желбіріп тұрған көк тудың, елтаңбаның қадір-қасиетін сезінбеске?» деп сұрақ қойдым. Осылайша, тәуекел деп ойымдағыны іске асырдым. Бұл ісім мемлекеттік мекемедегілердің де көңілінен шығып, бірлесіп, бірнеше жобаны іске асырдық. Олардың бірі – жергілікті телеарнадағы «Патриоттық такси» бағдарламасы. Еліме деген махаббатымды ісіммен дәлелдей алдым деп ойлаймын, - дейді Әлия Иса.
Қоғам белсендісі тұрғындарға тегін такси қызметін көрсетеді. Бір шарты – таксиге отырған жолаушы мемлекеттік рәміздер, тарихи тұлғалар туралы интеллектуалдық сұрақтарға жауап беруге тиіс.
Көбінің патриоттық сұрақтарға дайын еместігі, көп сұрақтарға жауап бере алмайтыны және сұрақтардың басым көпшілігінен хабарсыз екендігі мені қынжылтады. Сондықтан тарихи құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттағым келеді. Менің идеямды өзге өңірлерде де іске асырса деймін, - дейді жоба авторы.
Айта кетсек, Әлия Иса – Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университетінің түлегі. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 2017-2021 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындығы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан «Режиссура» мамандығы бойынша білім алған. Қазір ол Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында қоюшы режиссер, педагог, жастар театрының жұмысын ұйымдастырудағы үкіметтік емес жекеменшік JasART ұйымының жетекшісі қызметін атқарады. Патриоттық бірнеше жобалардың авторы.