Заңсыз майнерлер биткоин арқылы 100 млн теңге табыс тапқан

Заңсыз майнерлер биткоин арқылы 100 млн теңге табыс тапқан overclockers.ru
bai-bol.kz bai-bol.kz | 15 қыркүйек, 2024

Олар 3 аудан орталығы тұтынатындай электр энергиясын пайдаланған

Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысында заңсыз майнерлер қызметінің жолын кесті.

Рудный қаласының аумағында бірнеше адамның тиісті лицензиясыз заңсыз майнингпен Bitcoin қамтамасыз етілмеген цифрлық активін (криптовалюта) өндірумен айналысқаны анықталды.

Заңсыз майнерлер 3 аудан орталығы немесе 27 орта мектеп немесе 13 аурухана тұтынатындай электр энергиясы көлемін пайдаланған. Бұл жергілікті электр желілеріне орасан зор салмақ түсірген.

Тінту нәтижесінде 150-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен(ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді. Агенттіктің цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімшесі заңсыз өндірілген Bitcoin түскен криптобиржадағы аккаунтарды анықтады.

Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржының жалпы айналымы 100 млн теңгеден асады. Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне және криптовалюта аккаунтында сақталған заңсыз өндірілген цифрлық активтеріне тыйым салынды.

Еске сала кетсек, президент өз Жолдауында цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастыру қажеттігін атап өткен болатын.

Қаржылық мониторинг агенттігінің істері бойынша, 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылған. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.