Енді қазақ тілін қарапайым деңгейде білмегендерге азаматтық берілмейді
Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет
Енді мемлекеттік тілді білмегендерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Бұл туралы «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түсінік берген ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.
Құжат аясында 7 кодекске, 13 заңға өзгеріс енгізілген. Ол бойынша аса ауыр қылмыс жасағандар, террористер мен педофилдер Қазақстанға кіре алмайды. Сондай-ақ «Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланды. Енді мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды.
Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажет деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңісіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай енгізілген. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет, – деді Шыңғыс Алекешев.
Сонымен қатар қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілген. Яғни, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің төлқұжатын пайдаланған жағдайда еліміздің азаматтығы тоқтатылады.