Шұбаттың көпке беймәлім қасиеттері анықталды (ВИДЕО)
Қазақ халқы оны әзірлеу жолдарын ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келеді
«Шұбат – қуат» дейміз. Ендеше бұл сусынның қуаты неде? Шұбаттың теңдессіз құрамын зерттеген ғалымдар бұл пайдалы сусынды бес күннен артық сақтауға болмайтынын айтады, деп жазды nur.kz.
Шұбат қандай сусын және ол қалай әзірленеді?
Қазақ халқы жаз мезгілінде жиі пайдаланатын сусындардың бірі – шұбат. Шұбатты түйенің сүтін ашыту арқылы әзірлейді. Оның құрамындағы пайдалы дәрумендер ежелден зерттелген әрі ғалымдар теңдессіз сусынды күні бүгінге дейін зерттеп келеді. Қазақтар шұбатты «шал» деп те атаған.
Сусынды түйе сүтінің негізінде даярлайды. Шұбаттың антиаллергендік әрі антидиабеттік құрамын белгілі ғалым, терапевт Дэн Бреннан зерттеген. Шұбаттың түсі ақ және ол қымызға қарағанда қою әрі майлы болады.
Алматы технологиялық университетінің зерттеушісі Э.К. Әсембаева шұбатты ашыту жолын былай түсіндіреді:
- Түйенің балғын сүті мен ашытқыны араластырып, ағаш ыдысқа немесе теріден жасалған қапқа құяды.
- Ыдыстың аузын мықтап жауып, сусынды шамамен 7 сағатқа қалдырады.
- Шұбатты тек ішердің алдында ғана араластырады.
«Шұбат – ашыған сайын шипасы артатын сусын» атты мақалада шұбатты ашыту тәсілі егжей-тегжейлі жазылған:
Шұбат әзірлеу үшін жаңа сауылған түйе сүтін сүзіп, 30-35 градусқа дейін суытады. Содан кейін сүт емен кеспекке құйылып, үстіне ашытқы салынады да, піспекпен 20-30 минут жаймен араластырады. Осы уақыт аралығында сүт құрамындағы күрделі заттар жай заттарға айналып, жаңа сауылған сүттің қышқылдығы артады. Ашымаған түйе сүтінің құрамында казеин болады, осы уақытта казеин іріп, тұнбаға түседі. Тұнған казеинді ұсақтау үшін шұбатты міндетті түрде араластырып тұру қажет. Сауыннан алынған сүтті шұбаты бар кеспекке құйып, жақсылап піседі. Шұбатты ашыту процесі 20-25 градуста жүргізілуі керек. Шұбаттың сапасы оның ашытқысына байланысты болады.
- Әлсіз шұбат – бір тәулік бойы ашыған түйе сүті.
- Жетіле бастаған шұбат – екі тәулік бойы ашыған түйе сүті.
- Күшті шұбат – үш тәуліктен артық ашыған түйе сүті. Шұбаттың ең жақсысы – осы күшті шұбат.
Ашыған шұбатты 10-12 сағат салқындатып ішуге болады.
Түрікменстанда бұл сусынды «агаран» деп атайды екен. Оны түрікмен халқы коктейльдер мен десерттер дайындауға пайдалатын көрінеді.
Шұбатты сақтау мерзімі өте қысқа. Тоңазытқыш болмаса, дайын болған күннің келесі күні шұбат ашып кетеді және ішуге жарамсыз болып қалады. Шамамен 5 күн бойы сусынды +5°С-қа дейінгі температурада сақтауға болады. Сол себепті аталған сусын экспортталмайды және оны дүкен сөрелерінен көп көрмейсіз.
Шұбаттың пайдасы қандай?
Өзінің құрамы бойынша шұбат сиыр сүтіне қатты ұқсайды. Оның құрамында амин қышқылдары бар, соның арқасында шұбат майы мен холестерині аз болып келетін ақуыздың таптырмас көзіне айналады. География ғылымдарының кандидаты Светлана Владимировна Могилюк шұбат құрамындағы көптеген минерал мен дәрумендер есебінен денсаулыққа өте пайдалы деп есептейді:
- Құрамында кальций мен фосфор болғандықтан, сүйек талшықтары нығаяды.
- D дәрумені ересектерде остеопороздың, ал балаларда рахиттің алдын алады.
- Калий мен магний жүрек бұлшық еттерінің жұмысын жақсартады.
- Аскорбин қышқылы (С дәрумені) иммундық жүйені күшейтіп, ағзаны қорғау қызметін жақсартады.
- В дәрумендері тобы жүйке жүйесін ретке келтіріп, түнде ұйқы қашудың, тез шаршаудың алдын алады.
Табуси Манаер атты ғалым мен оның әріптестері шұбаттың антидиабеттік қасиеті бар екенін алға тартады. Сусын қандағы глюкоза мөлшерін азайтады екен. Шұбат өт жолдары мен бауыр қызметінің бұзылуында пайдалы, сондай-ақ авитаминоз бен диабеттің алдын алып, ағзаны қалпына келтіруде таптырмас пайдалы сусын саналады.
Шұбатты кімдерге ішуге болмайды?
Шұбат кей жағдайларда зиянды болуы мүмкін:
- Мысалы кей адамның осы сусынға аллергиясы болуы ықтимал, сол себепті бірінші рет дәмін татқан уақытта сақ болған жөн.
- Ішек микрофлорасы бұзылған уақытта жылы шұбатты ішуге кеңес берілмейді. Мұндай жағдайда ол құрамындағы көптеген белсенді заттың салдарынан диареяны одан ары күшейтеді.
- Шұбаттың майлылығы 8 пайызға жететіндіктен, оны артық салмақ қосуға бейімі бар адамдарға ішуге болмайды.
Қазақ халқы оны әзірлеу жолдарын күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп сақтап келе жатыр. Шұбатты орнымен пайдаланса, ол денсаулықты күшейтіп, адам ағзасына зор пайдасын тигізеді.
Назар аударыңыз! Материал тек танымдық мақсатта ұсынылып отыр. Жоғарыда аталған кеңестерді дәрігер рұқсатынсыз қолдануға болмайтынын естен шығармаңыз!