Ауқатты отбасылар да мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жүр
Сондықтан келесі жылы «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алып жүргенін мәлімдеді.
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарды, - деді ол кешегі Жолдауында.
Сонымен қатар мемлекет басшысы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқанын атап өтті.
Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты ол Үкіметке келесі жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыруды тапсырды.
Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс, - деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.