Енді табыс декларациясын тапсырарда жалақыны көрсету міндетті емес

Енді табыс декларациясын тапсырарда жалақыны көрсету міндетті емес bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 2 қыркүйек, 2024

Құжаттан бірден бірнеше тармақ алынып тасталды

Мемлекеттік кірістер комитеті 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны жаңартудың аяқталғанын хабарлады. Енді салық есептілігінің жаңа нұсқасы e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында қолжетімді.

Еске сала кетсек, Қазақстан бірнеше ай бойы декларацияны жаңартумен айналысты. Нәтижесінде құжаттан бірден бірнеше тармақ алынып тасталды.

Олар:

  • Төлем көзінен салық салынатын табыстар: жалақы, зейнетақы, стипендия, депозиттер бойынша сыйақы және табыстың өзге де түрлері;
  • Қазақстанда тіркелген мүлікті сатып алу, иеліктен шығару немесе өтеусіз алу туралы ақпарат;
  • мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтер.

Айта кету керек, соңғы екі тармақ тек қарапайым азаматтарға қатысты. Шенеуніктер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары кез келген жағдайда сатып алынған мүлік туралы есеп беруге және салық органдарына ақшасының қайдан келгенін түсіндіруге тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік кірістер комитеті салық есептілігінің ескі нұсқасы жүктелетін болса, мобильді қосымшаны жаңартып, құжатты қайта ашуға тырысу керектігін атап өтті.