Министр азық-түлікті қымбатсынған жұртқа көбірек ақша табуға кеңес берді
«Не бойтесь больших расходов, бойтесь маленьких доходов» деп мақалдатты ол
Бүгінде Қазақстанның Қырғызстан және Өзбекстанмен сауда-логистикалық кешендерін салу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім. Тиісті келісімге қол қойылып, мөрі басылған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл жобаның көрші мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Бұл – 3-5 жылда іске асатын жоба. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан ішкі нарықты азық-түлікпен қамту – алдағы жылдардың еншісінде. Біз барлық позиция бойынша импортқа тәуелді емеспіз. Азық-түлік тұрғысынан айтып тұрмын. Ең бастысы, тауарлар бойынша біз өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан барлық инфрақұрылым елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған, - деді Арман Шаққалиев Үкіметтің баспасөз орталығында.
Осы сәтте оған журналистердің бірі «Жоғары мақсат қойсақ, қазақстандықтар қашан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсауды қояды?» деп сұрақты төтесінен қойды.
«Не бойтесь больших расходов, бойтесь маленьких доходов» деген сөз бар. Cондықтан сіз көбірек ақша тауып, көбірек өнім өндіруіңіз керек. Азық-түлік себеті мен тұтыну тауарларына тоқталайын. Мұнда бағалар құбылмалы. Өзімізді тауармен қамтамасыз ететін жерде бәсекелестік жоғары және нарықтық деңгей де болады. Сондықтан болжам жасай алмаймыз. Сізге 1,5 жылдан кейін 54 тауар позициясының қалай өзгеретінін айта алмаймын. Адам өз қажеттілігін толық қанағаттандыра алатын жағдайда әртүрлі себет пен есептеу бар. Мұндай мәселеде кірісті арттыру үшін өндірісті ұлғайту керек, - деді Сауда және интеграция министрі.