Ақтауда үйінің кіреберісін ұлттық нақышта безендірген тұрғын тапсырысқа қарық болды
Ол мектепте өз қолымен этноауыл жасаған
Ақтауда 28-шағын аудандағы 16-үйдің тұрғыны Мейрамгүл Тұңғатарова көпқабатты үйдің екі қабатының қабырғасына киіз үйдің керегесін, құрақ көрпелер жиналған сандық пен көне жәдігерлерді салып, көпшілікке танылды. Содан бері тұрғындардан тапсырыс көбейген. Ұлттық нақышта балабақшалардың қабырғаларын безендіруге де сұраныстар түскен, деп хабарлады kazinform.
Тұрғын үй – өзіміздің ұямыз. Өзіміздің үйіміздің маңы таза болғанын қалаймыз. Мұндай ұлттық нақыштағы бейнелерді салу үшін алдымен өз кіреберісіміздің тұрғындарынан рұқсат алдым. Ал идея мектептегі іске асыратын жобамнан туындады. Тек мектеппен шектелмей, ұлттық нақыштағы бейнелерді өзім тұрып жатқан үйдің кіреберісіне де салғым келді. Негізгі мақсат – балаларымызды тазалыққа үйретіп, олардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, - дейді Мейрамгүл Тұңғатарова.
Айта кетсек, Мейрамгүл – Ақтау қаласындағы №20 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Ол мектепте өз қолымен этноауыл жасаған.
Әрине, ұлттық құндылықты кейінгі ұрпаққа насихаттай отырып, өскелең ұрпағымызды тәрбиелеу – әрбір адамның міндеті. Ақтау қаласында әдемі ұлттық нақыштағы дүниелер көп болғанын қалаймын. Маған екі балабақшадан және жеке адамдардан тапсырыс түсті. Бірақ мектептегі жұмысым бар. Үлгермейтін болғасын, келіспедім, - дейді шебер.
Осы орайда көрші-көлемге, барша ақтаулықтарға үлгі болып, ел бойынша жүріп жатқан «Таза Қазақстан» тазалық шарасына атсалысқан тұрғынға қала әкімінің алғысы жарияланды.