Банк қызметкері тұтынушыларының атынан 60 млн теңге несие рәсімдеп алған
Халыққа 7 млрд теңгедей шығын келтіргендер Ресейден экстрадицияланды
Бас прокуратура аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдіктіні Ресейден экстрадициялады.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті 2019-2022 жылдар аралығында Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері болып жұмыс істеген. Сол кезде банк тұтынушыларының атынан өзіне несие рәсімдеген.
Банк тұтынушыларының шоттарына қол жеткізген күдікті қаражатты достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыстық әрекеттер салдарынан оның тұтынушыларға 60 миллион теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын, – делінген хабарламада.
Күдікті биыл сәуір айында Краснодар өлкесінің аумағынан ұсталған. Содан Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланып отыр. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.
Қылмыс үшін күдіктінің мүлкі тәркіленді. Енді ол 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы, биыл Қазақстанға Ресейден 11 алаяқ экстрадицияланған. Олар 350-ден аса жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген.