Павлодарлықтар «001» «007» нөмірлерін 1 млн теңгеге алып жатыр
Көлік сатылған жағдайда иесі нөмірді өз атына қалдыруға құқылы
Павлодар облысында «001», «007» нөмірлерін 1 миллион теңгеге сатып алуға болады. Жыл басынан бері өңірдегі автокөлік иелері «әдемі» нөмірлерге 223 миллион 717 теңге жұмсаған.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлы мәлім етті.
Тұтынушылар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұсынылған нөмірлерден таңдау жасай алады немесе нөмірге өз қалауы бойынша тапсырыс бере алады. Жүргізушілер ең әдемі «001», «007» нөмірлерін 1 миллион теңгеге сатып алған. Көлік сатылған жағдайда тұтынушы нөмірді мамандандырылған ХҚКО-да өз атына қалдыруға құқылы. Қызмет бағасы – 10 000 теңге. Егер азамат қалыпты нөмірді сақтауға қалдыруды шешсе, онда 6 айдан кейін нөмір кәдеге жаратуға жатады. Ал VIP нөмір ескіру мерзімінсіз сақталады, - деді филиал басшысы.
Қазір автокөлік иесі үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметі де қолжетімді. Өтінішті қосымша арқылы беруге және бір сағат ішінде мамандандырылған ХҚКО-дан дайын жүргізуші куәлігін алуға болады. Автокөлікті сатып алу және ресімдеу кезінде әрбір азамат оған мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға міндетті деп жазды Қазақпарат.