Елімізде азық-түліктің 6 түрі арзандады
Өңірлерде ауылшаруашылығы жәрмеңкелері басталды
Тамыз айының қорытындысы бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа индексі 0,1% төмендеп, жыл басындағы дефляция деңгейін сақтап қалды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі тұрақты, өсім – 0 пайыз. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне кіретін 6 тауар түрінің арзандауына тікелей байланысты. Олар – пияз (-1,6%), картоп (-1,3%), рожки, күріш және жұмыртқа (-0,2%), сиыр еті (-0,1%). Ал ұн, нан, қарақұмық жармасы, сары май мен қант бағасы өзгеріссіз, тұрақты, - деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Өңірлерде ауылшаруашылығы жәрмеңкелері басталды. Мұндай жәрмеңкелерде өңірлер күзгі-көктемгі маусымаралық және қысқы мезгілде бағаны тұрақтандыру және базарларға арзан бағада жеткізу үшін тұрақтандыру қорларына жаңа өнім сатып ала алады.
Барлық дерлік өңір көкөніс өндірушілермен күзгі маусымаралық кезеңде өнім жеткізуге келісімшарт жасасты. Оның басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынынған көлемнен асып түсті. Нәтижесінде өңірлер 26,7 мың тонна пияз (187%), 25,3 мың тонна сәбіз (136%), 86,3 мың тонна картоп (111%), 21 мың тонна қырыққабат (109%) сатып алуға келісімшарт жасасты.
Жаңа егінді қыркүйек-қазан айларында аламыз. Бүгінде егістіктен 520,5 мың тонна картоп, 102,1 мың тонна сәбіз, 158 мың тонна пияз, 369,7 мың тонна қырыққабат жиналды. Жалпы, біз жоспарлап отырған терім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті, - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Вице-премьер Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларын көкөніс өнімдерімен қамту үшін келісімшарт жасасу жұмыстарын толық аяқтамаған Шымкент қаласының, Қызылорда, Ұлытау, Маңғыстау және Алматы облыстарының әкімдіктеріне жұмысты жеделдетіп, қысқа мерзім ішінде аяқтауды тапсырды.