3 млрд теңге айыппұл арқалаған «Яндекс.Такси» жолақысын көтермей жүр
Қазір оның міндеттемелерінің орындалуы арнайы мониторинг тобының бақылауында
Былтыр әртүрлі сылтаумен жолақысын жөн-жосықсыз көтере берген «Яндекс.Таксиге» қатысты тергеу жүргізілген болатын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, сол тергеу қорытындысы бойынша компания бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етілуін, техникалық қолдау қызметтерін жүктеуде көрсетілген таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ «Яндекс.Такси» монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін де әкімшілік жазаға тартылған еді. Содан кейін компания Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына өз еркімен 3 млрд теңге аударып құтылды.
Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен «Яндекс.Такси» монополияға қарсы комплаенс жасасып, оның аясында мынадай талаптар іске аса бастады:
Біріншіден, жүргізушілер үшін еңбекақыны арттыру шартының бірі ретінде егер тапсырыс жол жүру ақысының базалық құнынан 2 есе асатын болса, 2023 жылғы 14 желтоқсаннан бастап, Яндекс комиссиясынан өндіріп алуды тоқтататын болды (экономикалық әсері – жылына шамамен 2 млрд теңге);
Жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдарлама енгізу (2024 жылы сала айналымы мен инфляцияның өсуіне байланысты 7-10 млрд теңге);
Тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін тарифті не үшін көтергені және қандай өзгеріс болғаны туралы негіздеме келтіре отырып, пайдаланушы қосымшасын жақсарту.
Екіншіден, жолаушылар үшін жаңартылған «Бірге» тарифі енгізілді. Тіпті, ол ең жоғары сұранысқа ие болғанның өзінде, төмен бағамен таксиге тапсырыс беруге мүмкіндік береді (тарифті х2-ге дейін көтеруге шектеулер);
Агрегатор такси қызметтеріне ең жоғары сұраныс жағдайында, мысалы, қолайсыз ауа райында немесе мереке күндері х3-тен жоғары тарифті көтеруге шектеулер енгізеді. Тоқсанына аталмыш деңгейден жоғары сапарлардың саны 5%-дан аспайтын болды;
Баламен жүретін жолаушылар үшін «Балалар» тарифі енгізілді. Ол балалар креслосы немесе бустері бар автокөлікті шақыруға мүмкіндік береді.
Такси жүргізушілерімен тиімді қарым-қатынас жасау және тұтынушылармен байланысты қолдау үшін сall-орталықта «кәдімгі» оператор жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ жолаушылар мен жүргізушілер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін келесі жүйелі шаралар қабылданды:
- Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі заңнамаға түзету енгізуге бастамашылық жасады. Оларды енгізу жүргізушілерге «Яндекс.Таксимен» таксопарксіз тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді (таксопарк комиссиясы – 4-8%);
- «Яндекс.Такси» бағдарламалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ баға белгілеуге әсер ететін факторларды (ауа райы жағдайы, мереке күндері, сұраныстың артуы, жүргізушілердің болмауы және тағы басқа) егжей-тегжейлі зерделеу үшін IT саласындағы тәуелсіз аудиторлық компания агенттікпен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізеді.
«Яндекс.Такси» міндеттемелерінің монополияға қарсы комплаенс шеңберінде орындалуы агенттік жанындағы арнайы мониторинг тобының бақылауында болады. Оның құрамына кәсіби қоғамдастықтардың сарапшылары кіреді. Бұл туындайтын сын-қатерлерді уақтылы қарауға мүмкіндік береді. Болашақта бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталған кезде агенттік заңнамада белгіленген тиісті шараларды қолданады.