Елдегі ірі 3 кәсіпорын көмір бағасын негізсіз қымбаттатқан

Елдегі ірі 3 кәсіпорын көмір бағасын негізсіз қымбаттатқан selhozproduktspb.ru
bai-bol.kz bai-bol.kz | 22 тамыз, 2024

Мемлекеттік мекемелердің де көмірді қымбат бағамен сатып алуы жиілеген

Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Дмитрий Малаховтың төрағалығымен алдағы жылыту маусымына байланысты ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға Қаржы министрі Мәди Такиев пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров қатысты.

Кеңес барысында халыққа отынның маусымдық қымбаттауы мен тапшылығына жол бермеу үшін өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

ҚМА ішкі нарыққа отын жеткізетін көмір өндіруші 3 ірі кәсіпорынға талдау жүргізіп, жеке тұлғалар үшін көмірдің бағасын негізсіз қымбаттату және өнімсіз делдалдыққа байланысты тәуекелдерді анықтады. Кейбір жағдайда отынның құны негізгі бағадан бірнеше есе өсіп кеткен, – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар, агенттік мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, салықтық міндеттемелерді орындау және салық төлеуден жалтару мақсатында шығындарды жасанды түрде көбейткен көмір өндіруші кәсіпорындарға тексеру жүргізіп жатыр. Бұған қоса мемлекеттік мекемелердің көмірді қымбат бағамен сатып алуы жиілеген. 

ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов жыл сайын күзде жылыту маусымы кезінде халық пен мемлекеттік мекемелер үшін отынның қымбаттауы және тапшылығы байқалатынын атап өтті. Сонымен қатар, түпкілікті тұтынушы үшін бағаға теріс әсер ететін өнімсіз делдалдармен «сұр» схемалар жалғасып отыр.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстандағы коммуналдық-тұрмыстық көмір нарығы жоғары шоғырланған. Монополиялық жоғары бағалардың белгілері анықталды. БҚДА жағдайды тұрақтандыру үшін ҚМА және Қаржы министрлігімен бірлесіп, бірқатар жүйелі шара қабылдауды жоспарлап отыр.

Қаржы министрі Мәди Такиев тас көмір нарығында көптеген делдалдың бар екенін атап өтті. Оларды жою мақсатында мониторинг жүргізіліп, негіздер анықталған жағдайда кешенді тексеріс басталатынын айтты.

Мемлекеттік мекемелерге тас көмірді тікелей өндірушілерден сатып алу арқылы бюджеттік шығындарды қысқарту бойынша ҚМА бастамасы Қаржы министрлігі тарапынан қолдау тапты, - деді Қаржы министрі.

Тараптар көмір саласындағы «алыпсатарлық» схемалардың алдын алу және өнімсіз делдалдарды жою бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге келді.

Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік көмірдің жасанды қымбаттауы мен тапшылығын болдырмауға бағытталған нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімдері көрсетілген Жол картасына қол қойылды.