СҚО-да оқытушы мал мен құсқа тері-тулақты азық етіп беріп отыр
Елімізде баламасы жоқ бұл жобаға 350 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінген
Солтүстік Қазақстан облысында жылқы мен ірі қара терісі кәдеге жаратылатын болды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Жергілікті оқытушы Ақан Жүнісов одан жоғары ақуызды қоспа жасаудың жолын ойлап тапты. Шағын зауытта жылқы мен ірі қара терісі терең өңделіп, соңында ақшыл ұнтақ болып шығады. Ол – малға берілетін жоғары ақуызды қоспа. Табиғи таза өнім құс фабрикасында сыналған. «Нәтижесі көңілден шықты» дейді жоба авторы.
Құс өзінің салмағын 22-25 пайыз өсірді. Айталық, біз құстан 80 грамм тәуліктік қосымша салмақ алатын болсақ, сол 80 граммның шамамен 6-16 грамдайы – қосымша салмақ, - дейді Ақан Жүнісов.
Ол – Петропавлдағы Манаш Қозыбаев университетінің оқытушысы. Айтуынша, бұл жобасының елімізде баламасы жоқ. Шағын зауытта әзірге жылына 300 тонна өнім дайындалады. Ал жалпы еліміз бойынша жыл сайын 3 миллионға жуық тері өндіріледі. Бірақ төрт түлікті қанша сойып жесек те, өңдеу жағына жоқпыз. Мамандардың айтуынша, дайын өнімнің небәрі 10 пайызы кәдеге жаратылады.
Қазақстанда тері өңдеу саласы кенже қалып келеді. Өндіріс өрге баспаған соң, белгіленген баға да жоқ. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұл жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Оған ғылыми қордан 350 млн теңге бөлінді.
Жоба өзінің жоғары әлеуетін көрсетті. Біз ғылыми бастаманы бастан-аяқ толық қаржыландырамыз. Инвестиция 3 жылға бөлініп беріледі. Грант қайтарымсыз, - деді ғылыми қордың коммерцияландыру менеджері Әлия Тәжиева.
Ғылыми жоба кәсіпкермен бірге іске асады. Бескөл ауылындағы шағын зауыт жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берді. Қазір онда 20 адам еңбек етіп отыр.