Президент Attar брендімен айына 30 мың доңғалақ шығаратын зауытқа барды

Президент Attar брендімен айына 30 мың доңғалақ шығаратын зауытқа барды akorda.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 14 тамыз, 2024

Ондағы құрал-жабдық Латвия, Италия, Португалия, Жапония, т.б. елдерден әкелінген

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Саран қаласындағы көлік доңғалақтарын шығаратын KamaTyresKZ зауытын аралап көрді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президентке кәсіпорынның өндіріс циклы мен даму перспективасы таныстырылды.

Мемлекет басшысына «Татнефть» ЖАҚ-ның бас директоры Наиль Маганов пен KamaTyresKZ зауытының директоры Радий Бурганов құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, технологиялық құрал-жабдықтар толықтай жеткізілгенін айтты. 234 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған зауытта өнімнің сериялық өндірісі басталған. Өткен айда KamaTyresKZ 30 мың доңғалақ шығарған. Зауыт алғашқы жылы өнім көлемін 1 миллионға дейін жеткізе алады.

Президентке доңғалақ құрастыратын цехтар мен өндіріс желілері таныстырылды. Зауыттың құрал-жабдығы Латвия, Италия, Португалия, Жапония және тағы да басқа елдерден әкелінген. Жалпы, кәсіпорында 800-ге жуық технологиялық құрылғы орнатылған. 3ауыт 2027 жылға қарай 3,5 миллион доңғалақ шығарады деп жоспарланып отыр.

Қазір кәсіпорында 590 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Келешекте қызметкерлер саны 1 125 адамға дейін көбейеді. Өндіріс жұмысшылары «Татнефть» компаниялар тобының доңғалақ шығаратын кәсіпорындарында оқу-тәжірибеден өткен.

Зауыт өнімі Attar брендімен танылады және халықаралық стандарттарға сай сертификат иеленген.

Отандық доңғалақтар шілде айынан бастап Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында сатыла бастады. Биыл елімізде құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер конвейерден Attar доңғалақтарымен шығады.