Қазақтың шұжығы әлемдік ТОП-100 рейтингіне енді
Рейтинг жасаудағы мақсат – керемет жергілікті тағамдарды насихаттау
ТМД және Орталық Азия елдері арасынан тек қазақтың шұжығы ғана «Әлемдегі ең үздік 100 шұжық» тізіміне енді.
Рейтингті ас әзірлеушілерге арналған үлкен ресурс – TasteAtlas электронды энциклопедиясы жасаған. Бұл ретте жылқы етінен жасалған дәстүрлі шұжығымыз 81-орынды иеленіп тұр. Оның жоғары жағына немістің Bockwurst сарделькалары, ал төменде шведтің Prinskorv шұжығы орналасқан. Ал алдыңғы орынға Виньяиш қаласында өндірілетін португалдық «Альйера» шұжығы шыққан.
Сипаттамасына қарасақ, рейтинг сайт пайдаланушыларының бағалауы бойынша жасалған.
Әлемдегі ең үздік 100 шұжық» тізімін жасау үшін 2024 жылдың 15 мамырына дейін 7 274 баға тіркелді. Оның 5 465-ін жүйе заңды деп таныды, - делінген хабарламада.
Бұл ретте құрастырушылар желідегі боттар мен «ұлтшыл және жергілікті патриоттық рейтингтерді» електен өткізіп, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегенге жол бермеген.
TasteAtlas рейтингін тағамның соңғы жаһандық қорытындысы ретінде қарастыруға болмайды. Олардың мақсаты – керемет жергілікті тағамдарды насихаттау, дәстүрлі тағамдарға деген мақтаныш сезімін ояту және сіз әлі дәмін көрмеген тағамдарға қызығушылық тудыру, - деп атап өтті жоба авторлары.