Шардаралық шаруа 400 тонна пиязын нарыққа шығарды
33 гектар алқап түгел тамшылату әдісімен суарылады
Шардаралық кәсіпкер пияз алқабынан 400 тонна пияз алып, сатылымға шығарды. Алдағы уақытта қалған жер телімінен де мол өнім күтіп отыр.
«Отырар» телеарнасының хабарлауынша, шардаралық диқан, «Тұрар» шаруа қожалығының иесі Ан Юрий Владимирович 33 гектар пияз алқабының 5 гектарынан алғашқы 400 тоннадан аса өнімін сатылымға шығарған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов пияз алқабына арнайы барып, жұмыстың барысымен танысты.
Юрий Анның егістік алқабында 8 түрлі пияз тұқымы өсіріледі екен. 33 гектар пияз алқабының барлығы тамшылату әдісімен суарылады.
Бұл тамшылату әдісімен 1 сағатта 1 метр жерге 1 литр 600 грамм су кетсе, жүйек (арықша) арқылы сағатына 90 литр су далаға кетіп, ысырап болады, - дейді шаруа қожалығының иесі.
Сонымен қатар егістік маусымында бұл шаруа қожалығы 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырады.
Кәсіпкер күзге дейін пияз алқабынан 3 мың тоннаға жуық өнім алмақ. Ал пияз негізінен Ресей, Беларусь елдеріне экспортталады.