Түркістан облысында 24 кәсіпкер балық шаруашылығын жандандыра түсті
Биыл олар 4 900 тонна балық өнімін шығарған
Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер алғашқы өнімін сатуға дайындап отыр. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасымен балық шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған Жартытөбе ауылдық округінің тұрғыны Нұрлыбек Әлтековтің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер жаңа жобаның тиімділігіне айрықша тоқталып, тоған жұмыстарымен таныстырды.
Айта кетсек, шаруа өз кәсібін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн 300 мың теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып бастаған. Ол биыл мамыр айында арнайы қазылған тоғанға 10 мың сазан шабағын жіберіпті. Қазір бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер өнімін сатуға дайындап отыр.
Жалпы, биылғы 6 айда «Ауыл аманаты» бағдарламасымен облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Аталған уақыт аралығында облыстағы арнаулы кәсіпорындар 4 900 тонна балық өнімін шығарған.