Шымкенттің экс-әкімінің ағасы балаларына 50 мың теңге алимент төлеп отыр
Әйтенов пен Әтешова арасындағы дау бұнымен бітпеді
Отбасын күштеп үйден қуып шыққан Марат Әйтенов бұрынғы зайыбы Дана Әтешованың көп сөзін жалған деп, мүлік үшін жанжалдаспайтынын және онымен таласқа түспегенін мәлімдеді. Бұл туралы Barys Media Youtube-арнасында айтылды.
Әйтеновтің айтуынша, ол бала-шағасын шығарып жіберген үйді 2017 жылы әкесі сатып алған. Онда қарындасы мен әкесі 1 жыл тұрған екен. 2018 жылдың шілдесінен кейін Марат Әйтенов отбасымен бірге әкесімен бірге тұруға келіседі. Бірақ 1 жылдан соң әкесі бөлек кетсе керек. Әкесі бұл үйді кейін оған сый ретінде табыстап, атына аударып берген. Мұндай үйлер бөліске салынбайды дейді ол.
Пандемия кезінде Дана екеуміздің арамызда жанжал көбейіп, ажырасу туралы ұсыныс айттым. Ол қазанның 16-сында ажырасу туралы өтініш берді де желтоқсанда толық екіге кеттік. Мүлік, бала, т.б. бойынша шағымы жоқ екенін айтты, – деді Марат Әйтенов.
Айтуынша, кейін әйелі үйді де, пәтерді де талап етіп, балалардың атына жазуды сұраған.
Біз бұл үйде тұруға 1 жыл уақыт бердік, кейін оны босату керек еді. Орнына пәтер бердік. «250 квадраттық үйді қарай алмайсың, одан да пәтерде тұр» дедім. Себебі ондай үлкен үйге күтім керек, ал ол еңбекке аса машықтанбаған, – деді ол.
Екеуі ажырасқан соң Әйтенов Дана Әтешоваға Land Cruiser көлігін және Астанадағы 4 бөлмелі пәтерді берген. Бірақ ол аздық етті деп отыр.
Мен оған алғашында «ортақ пәтерімізді сатайық та ақшаны бөліп алайық» деп едім, келіспеді, толық пәтерді бер деді. Дананың күйеуге шыққанға дейін 2012 жылы алған өз пәтері бар. Оны 2022 жылы сатты. Мен берген көлікті 23 миллион теңгеге сатты. Енді үлкен үйді де алғысы келді. Мен мүлік үшін таласпаймын, ол маңызды емес. Сол 4 бөлмелі пәтерге орналассын, – деді Марат Әйтенов.
Сондай-ақ ол әйелінің меншікті босату шешімін орындамағанын және балаларды жазғы демалыс уақытында 1 ай онымен тұруға бермегенін атап өтті. Айтуынша, ол Әтешованың осындай мәлімдемелерінен кейін жұмысынан шығып қалған және көп мекемелер онымен жұмыс істегісі келмейді.
Шу басылсын деп оқуға кеттім. Қайтып келгенімде, ол менен үлкен сома талап етіп, «әйтпесе интернетте шу шығарамын» деді, – дейді ол.
Сондай-ақ сөз арасына осыған дейін бала-шағасының барлық шығынын алиментсіз-ақ жауып жүргенін де қоса кетті. Бірақ кейін әйелі одан алимент талап еткен.
3 бала үшін жалақының 50%-ы беріледі. Мен оған балалардың шығыны одан да көп екенін ескерттім. «Таңда: егер алимент төлесем, тек осы 50%-ды төлеймін, ал былай алиментсіз барлық шығынын төлеймін» деп айттым. Қазір 100 мыңның 50 мыңы Дана Әтешоваға кетіп жатыр, – деді Марат Әйтенов.
Одан бөлек, балаларына мектеп құралдарын, киім, балабақша, демалыстарын төлеп беруден қашпайтынын жеткізді.
Еске сала кетсек, Дана Әтешова 12 шілдеде бұрынғы күйеуі мен оның адамдары тәртіп сақшыларымен өзін үйден күштеп қуып шықпақ болғанын айтқан болатын. Ол Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданған. Ал бұрынғы күйеуі – Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы. Сондай-ақ Дана Әтешова президенттен көмек сұраған еді.