Колонияларға кәсіпкерлерді тарту мәселесі әлі де өзекті болып тұр
230 сотталған азамат жұмысқа орналасқан
Кәсіпкерлікті дамыту үшін түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді тарту мәселесі өзектілігін жоғалтпай тұр. Бұл туралы Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев айтты.
Бұл ретте ол ШҚО Шемонаиха ауданында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ҚАЖК №18 мекемесінде болған еді. Омбудсмен колониядағы сотталғандардың жағдайымен танысып, мекеменің ең төменгі халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеріп, асхана, тұрғын үйлер, медициналық пункт, өндірістік нысандарды аралап шықты.
Сотталғандармен жеке әңгімелесу барысында оларды жұмыспен қамту мәселесі де сөз болды. Қазір колонияда ағаш, металл және жиһаз жасаумен айналысатын 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2 жылыжай мен техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Барлығы 230 сотталған азамат жұмысқа орналасқан. Бұл ретте жұмыс орындарына деген сұраныс ұсынысқа қарағанда айтарлықтай көп екендігі айтылды.
Бұл мәселені мен барған барлық дерлік мекеме басшылары көтерді. Әрине, біз бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеуіміз керек және мен кәсіпкерлерді осындай орындарда кәсіпорындар ашудан қорықпауға шақырамын. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, мұнда адамдар қалай жұмыс істеу керектігін біледі және жұмыс істеуге деген ынталары жоғары, - деді Артур Ластаев.
Уәкіл сотталғандарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдету институтын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақтарына жауап берді.