Қаржылық мониторинг агенттігінің ең төменгі жалақысы көрсетілді
Оған бару үшін жоғары заңгерлік білімнің болуы шарт
Қаржылық мониторинг агентігі экономикалық тергеу қызметінде бұрын жұмыс істемегендер үшін алғашқы кәсіби даярлыққа іріктеу жариялайды.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қаржылық мониторинг агенттігі (Экономикалық тергеп-тексеру қызметі) құқық қорғау қызметіне бірінші рет қабылданатын азаматтар үшін алғашқы кәсіби даярлыққа іріктеу жариялаған. Функциялық міндеттерге криминалистикалық және арнайы зерттеулер жүргізу, бюджет саласындағы және квазимемлекеттік сектордағы, көлеңкелі экономика саласындағы құқықбұзушылықтарды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Экономикалық тергеу қызметінің құзыретіне жатқызылған өзге де қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу, ашу, жолын кесу және тергеп-тексеру кіреді.
Ең төменгі жалақы – 227 мың теңге, - делінген хабарламада.
Іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдауды құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелері 2024 жылғы 15 шілдеден 15 тамызға дейін жүргізеді.
Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге қатысу үшін үміткерлер:
1) Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (құқық қорғау қызметінің лауазымдарына арналған тиісті бағдарлама бойынша) тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өту;
2) Құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелеріне (түсу үшін жоспарланған органға) мынадай құжаттарды беру: белгіленген үлгідегі өтініш; Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; білімі туралы құжаттардың көшірмелері; жақын туыстарын, оның ішінде белгіленген нысан бойынша бұрынғы жұбайларын көрсете отырып, өз қолымен жазылған толық толтырылған өмірбаян; кез келген аймақта қызмет етуге келісім беру туралы өтініш; әскери билет немесе тіркеу куәлігін тапсыруы қажет.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:
Қазақстан Республикасының азаматтығы;
18 жастан бастап, бірақ 35 жастан аспауы қажет;
Жоғары заңгерлік білімі болуы шарт.
Үміткерлерге қойылатын басқа талаптарды, іріктеу шарттарын мына жерден білуге болады.