Қырғыз елі тыйым салған ауғандық сусын Қазақстанда сатыла береді
Өнімнің елімізде сатылуына жол бермеуге құқықтық негіз жоқ
Қырғызстан Ауғанстанда өндірілетін Royal газдалған сусынын сатуға тыйым салып жатыр. Өйткені оның құрамынан балалардың белсенділігі мен зейініне теріс әсер ететін азорубин E122 бояғышы анықталған.
Нәтижесінде Ош қаласындағы сауда орындарында сусындар тәркіленіп, сауда желілерінің басшыларына ескерту жасалды. Бірақ Қазақстан оған тыйым салмайды. Мамандардың айтуынша, өнімнің елімізде сатылуына жол бермеуге құқықтық негіз жоқ. Жасалған зертханалық талдау нәтижесінде Е122 азорубиннің газдалған сусын өндірісіне қолдануға рұқсат етілетінін айтады.
Бұл жерде ескеретін жағдай, 1 келісіне 50 мл қоспадан аспауы керек. Осындай санитарлық талаптары бар. Осы талаптар бұзылмаса, адам денсаулығына ешқандай зиян келтірмейді. Біз алдағы уақытта бақылаулық сатып алуды іске асырғаннан кейін зертханалық талдау жүргіземіз, соның нәтижесі бойынша нақты жауабын айтатын боламыз, - деді Денсаулық сақтау министрлігі Санэпидбақылау комитетінің басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Ал мамандар барлық кәсіпкерлік субъектілеріне өнімнің сәйкестік декларациясы жоқ болғандықтан, оны сатуға шығармай тұра тұруды ескертуді ұсынған.