Барлық ет сататын орынға сапа туралы ақпарат беретін QR-код орнатылды
Ол арқылы 117 мыңнан аса ветеринариялық анықтама бланкілері, 438 мың сараптама қорытындысы шығарылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет сататын орындарға QR-код енгізді. Ол арқылы сатылатын ет туралы барлық ақпаратты білуге болады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Жүйе сою және ішкі сауда объектілерінде ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткеннен кейін сараптама актісін берудің бизнес-процестерін автоматтандырады, сондай-ақ жануардың толық өмірлік циклі туралы ақпараты бар QR-кодты қалыптастырады, - делінген хабарламада.
Бұл QR ет сату орындарына орналастырылады, малдарды ветеринарлық тексерусіз және ұшалар мен ағзаларды сараптамасыз союдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, қазір жоба іске қосылып, барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істеп тұр.
Оған 1 664 мал сою орны, ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары, сауда орындары қосылған. Жүйеде 1 470-тен аса ветеринар, ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының қызметкері және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар тіркелген, - деп атап өтті ведомство.
QR-код арқылы 117 мыңнан аса ветеринариялық анықтама бланкілері және 438 мың сараптама қорытындысы шығарылды.
Жүйе Ресеймен шекаралас Шарбақты ветеринарлық бақылау пунктінде сынақтан сәтті өткен.