ІІМ ақшаның аздығынан IT-маман таппай отыр
Жедел уәкіл мен тергеушінің айлығын олар бір аптаның ішінде табады
Киберқылмыспен күресте мамандардың біліктігін арттыру маңызды. Алайда оларды шетелге жіберіп оқытуға Ішкі істер министрлігінің қаржысы жетпейді.
Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев киберқылмыспен күресте неге білікті IT-мамандар тапшы екенін түсіндірді.
Мықты IT-маманды полиция қызметкерінің айлығына жұмысқа тарту өте қиын. Ешкім келмейді. Жедел уәкіл мен тергеушінің айлығын олар бір аптаның ішінде табады. Сондықтан оларды біздің жұмыс қызықтырмайды, - деді Айдос Рысбаев.
Сондай-ақ ол Қазақстан бүгінде мамандарды өзі дайындап жатқанын жеткізді.
Біз IT-мамандарды өзіміз дайындап жатырмыз. Қазір Алматы және Қарағандыдағы Ішкі істер академиясының базасында 2 факультет ашылған. Алматы академиясында жедел уәкілдерді, Қарағанды академиясында тергеушілер мен криминалистерді дайындап жатырмыз. Қарағанды академиясы маманды 3 жылда, Алматы академиясы 4 жылда дайындап шығарады. Біз қызметкерлерді аталған факультеттерге біліктілігін арттыру курсына жібереміз, - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ Айдос Рысбаев мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберу тәжірибесі барын айтты. Бірақ ол мүмкіндікті 4 маман ғана пайдаланған. Себебі ІІМ-де ақша жоқ.
Былтыр төрт-ақ қызметкер шетелге оқуға барып келді. Өйткені Ішкі істер министрлігінің ақшасы жеткіліксіз болды. Үшеуі Ресейге барса, біреуін Сингапурға жібердік. Киберқылмыспен күресте ең мықты елдің бірі – Сингапур мен Англия. Өкінішке қарай, ақшамыз болмай жатыр. Бір-ақ қызметкеріміз шетелде оқыды. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Қазір киберқылмыспен күресетін 300 адамның ішінде 19 IT-маман бар, - деп түйіндеді сөзін Айдос Рысбаев.