БЖЗҚ-дан вагон сатып алуға 184 млрд теңге бөлінді
Мемлекет бұл ақшаның қорға қайтарылатынына толық кепілдік береді
Көлік министрі Марат Қарабаев БЖЗҚ-дағы 184 млрд теңгеге вагон сатып алынатынын айтты.
Зейнетақы қорынан «Бәйтерек» холдингі қаржы алды. Оның ішінде вагондарға 184 млрд теңге жұмсалып отыр. Оған жолаушы тасымалдайтын 100 вагон, жүк тасымалдайтын 3 мың вагон сатып алынады, - деді министр.
Сондай-ақ ол БЖЗҚ-дан қаржы алудың қазақстандықтарға еш кесірін тигізбейтінін атап өтті.
Зейнетақы қорындағы қаражаты жұмсалған азаматтарға бұл міндетті түрде пайда әкеледі. Біріншіден, ол – халыққа пайдалы. Себебі бұл ақша пайызбен беріледі. «Бәйтерек» холдингіне жеңілдетілген ақша берілмейді. Екіншіден, басқарушы холдинг – мемлекеттің меншігінде. Сондықтан бұл ақшаның қорға қайтарылатынына мемлекет толық кепілдік береді. Үшіншіден, вагондар отандық зауыттардан сатып алынады, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Марат Қарабаев жолаушыларды тасымалдайтын вагондарды Петропавлдағы ЗИКСТО, ал жүк вагондарын Екібастұздағы компания жасайтынын атап өтті.