Алимент: бір әйел балаларына төлемей жүрсе, екіншісі ұлынан өндіріп алған

Алимент: бір әйел балаларына төлемей жүрсе, екіншісі ұлынан өндіріп алған
bai-bol.kz bai-bol.kz | 22 маусым, 2024

42 жастағы әйелдің 3 баласына алимент қарызы 7 млн теңгеден асқан

Ақтөбе облысында 68 жастағы зейнеткер өзінің ересек ұлынан алимент өндіру туралы арызбен сотқа жүгінген.

Талап қоюшы соттан зейнет жасында болуына, денсаулығының нашарлауына байланысты күрделі ота жасатуға мүмкіндігі болмағандықтан, баласынан алимент өндіруді сұрапты. Ал Неке және отбасы туралы кодекстің 145-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.

Сотта өткізілген татуластыру рәсімінің нәтижесінде тараптар дауды бітіммен аяқтауға шешім қабылдады. Сол бітімгершілік келісімге сәйкес, жауапкер өзінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз анасына ай сайын 41 АЕК, яғни 151 мың 372 теңге мөлшерінде алимент төлеуге міндеттелді, – делінген сот хабарламасында.

Полиция мәліметінше, алимент төлеуден тек ерлер емес, әйелдер де жалтарады. Мысалы, Павлодар облысында 42 жастағы әйел кәмелетке толмаған 3 баласына алимент төлемеген. Осылайша, қарыз 7 млн теңгеден асқан. Қазір полиция онымен жұмыс жүргізіп жатыр.