Киік еті тек Қазақстанда сатылады, бірақ...
Мүйізі мен тұяғын «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны алады
Қазір біз киік етін сыртқа экспорттауға дайын емеспіз. Сондықтан ол өнім тек Қазақстанда сатылады. Бұл жайттан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.
Киіктің етін экспортқа шығару үшін ет комбинаты экспорттаушылар реестрінде болуға тиіс. Инспекция осында келіп, олар киіктің етін алатын-алмайтынын айтуы керек. Әзірше ол тек Қазақстанда сатылады, - деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ ол атылған киіктердің мүйізі мен тұяғын «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны алатынын айтты. Бірақ киік етін экспорттамақ түгіл, ел ішінде нақты қайда сатылатынын өзі де білмейді.
Киіктерді ату ережесіне қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берді. Олардың етін ет комбинаты сатады деген шешім қабылданып, 7 комбинатты айқындадық. Онда ветеринарлар бар. Олар өнімнің сапасы мен ветеринарлық қауіпсіздікке жауап береді. Киіктердің етін қайда сатамыз?.. Мониторинг жүргізейік, сосын қосымша ақпарат береміз, - деді кібіртіктеп қалған министр.