Президент кәсіпкерлерді ауыл-аймақтың қамын күйттеуге шақырды
Табысын елімен бөліскен азаматтар жоғары құрметке лайық, - деді ол
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапа мен ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс.
Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ, - деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, биыл «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысқан. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалып, 6 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашыпты.
Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық. Мен «Алтын сапа» және «Парыз» байқауына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін! - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.