Портмонелердің шығу тарихы біздің дорбашықтардан көп кейін пайда болған
Дорба-қалташық беторамалға, кісе белдіктегі салпыншақтар шақша, бәкі, ұстара салуға арналған
Таяуда тәуелсіз сарапшы Серікбек Болатбекұлының 1890-жылдары Ресейден Алматыға келген суретші Николай Хлудовтың қазақ әйелдерін масқаралап салған екі суреті туралы Facebook-тегі жазбасын жариялаған болатынбыз. Бұл жолы оқырманды бейжай қалдыра қоймас деп оның дорба туралы пікірін де жариялағанды жөн көрдік.
Айтуынша, соңғы кездері өзінің тарихын білмей жатып, қазақтың мәдениеті туралы бірдеңе дегісі келетін керауыздар көбейген. Ал олардың түсінігіндегі «мәдениетсіз», «жабайы» қазақ сонау бағзы заманнан тазалыққа, қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, санитарлық гигиенаға өте ұқыпты болған.
Мына суреттерде ер адам бейнесінде жай белбеуге, басқа суреттерде кісе белдікке байланған кішкене ғана дорбаны көріп тұрсыздар ма? Бұл дорба-қалташық негізінен беторамал салуға, кісе белдіктегі салпыншақтар (қалташықтар) шақша, бәкі, ұстара салуға арналған. Үлкен пышақ, қанжар салатын салпыншақ «қын» деп аталады, олар – өз алдына бөлек әңгіме, - дейді Серікбек Болатбекұлы.
Бұл ретте ол көпшілік назарын мына ұсынылып отырған суреттердегі кішкене дорбашықтарға аудартпақ ниетте.
Әлем жұрты өркениет үлгісі санайтын француз, ағылшын т.б. елдерде саше, портмоне, клатчи, хобо, ридикюль, шопер, тоут секілді кішкене дорбашықтардың шығу тарихы көшпелі қыпшақтардың беліндегі дорбашықтардан көп кейін пайда болғаны даусыз. Тек бізде дәріптеу мен зерттеу жағы кейіндеп тұрғандай. Семейдегі Абай музейінің де бір бұрышында елеусіз жатыр, - дейді жазба авторы.
Иә, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалайтын кез келгенде осындай дүниелерді де ескере жүрсек игі.