Президент жұрттың үнемі ұлттық нақышта киініп жүргенін құптайды
Қара киіну – дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл, - деді ол
Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Ал қара киініп жүру халқымыздың дүниетанымында болмаған. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Ұлттық құрылтайда өз аузымен айтты.
Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама! Оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазір мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек, - деді президент.
Оның айтуынша, бүгінде радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл – біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл.
Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.