Қоқысты арнайы орыннан тыс төккендерге көбірек айыппұл салынады
Жеке тұлғалардың өзі 200 АЕК-ке (738 400 теңге) дейін төлейді
Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоқысты арнайы орынға тастамайтын қазақстандықтар үшін салынатын айыппұл мөлшерін көбейтуді ұсынып отыр.
Мәселен, Экология министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, «Е-құрылыс» ақпараттық жүйесін күшейту аясында құрылыс компанияларының қалдықтарын бақылау тетігі пысықталып жатыр. Қалдықтардың пайда болу көлемі және арнайы кәсіпорындармен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша шарттардың болуы туралы мәліметтерді осы жүйеде көрсету ұсынылады. Бүгінде нормативтік техникалық құжаттарға өзгерістер енгізіліп жатыр, - деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Сондай-ақ ол министрлік қоқысты арнайы орынға тастамаған қазақстандықтар үшін айыппұл мөлшерін көбейтуді ұсынғанын жеткізді.
Азаматтар мен бизнес субъектілерінің санасын қалыптастыру үшін белгіленген орындардан тыс жерлерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр. Осы түзетулерге талдау жүргізілуде, - деді министр.
Осы орайда министрлік белгіленген орындардан тыс жерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұл мөлшерін ұлғайтуды көздейтін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер әзірлеген.
Мысалы, жеке тұлғалар үшін 50 АЕК-тен (184 600 теңге) 200 АЕК-ке (738 400 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге), ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 750 АЕК-ке (2 млн 769 мың теңге) дейін, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 АЕК-тен (369 200 теңге) 2000 АЕК-ке (7 млн 384 мың теңге) дейін, - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске осы түзетулер «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде көзделген. Бүгінде ол қоғамдық тыңдаудан өтті және көрсетілген түзетулерге талдау жүргізіледі. Себебі, бизнес субъектілеріне қатаң талап енгізіледі.