Нарықтағы дәрі-дәрмектің 14,5 пайызға жуығы ғана өзімізде жасалады
2029 жылға дейін 50 пайызға жеткізу тапсырылған
Қазір Қазақстанда кенжелеп тұрған фармацевтика саласын ілгерілету – басым бағыттардың бірі, деп хабарлады 24.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы 5 жылда отандық дәрі-дәрмектің өндірісін 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама бекітіліп, фармацевтиканы қолдау шаралары қолға алынған.
Фармацевтика – экономиканың маңызды бөлігі. Қазір салада 193 отандық компания жұмыс істейді. Оның 150-і медициналық бұйым, 43-і дәрілік заттар шығарады.
Былтыр кәсіпорындар 144,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Қазақстандық фармкомпаниялар дәрілік заттың 1015 түрі мен медициналық бұйымның 1 882 түрін шығарады. Дегенмен нарықтағы дәрілік заттардың тек 14,5 пайызға жуығы өз елімізде жасалады.
Отандық дәрі-дәрмек үлесін 2029 жылға дейін 50 пайызға жеткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін қазір Үкімет жол картасын бекітіп, сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша, 10 жылдан қосымша 3 жылға дейінгі ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта орналасқан объектілерді мүлік және жер салықтарынан босату көзделіп отыр, - деді ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы Қанатбек Беріков.
Елімізге сырттан келетін дәрі-дәрмек көп. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына жыл сайын 6 мыңға жуық өтініш түседі. Оның 2-3 пайызы сапасы мен қауіпсіздігі бойынша талаптарға сай болмай шығады. Сондықтан мемлекеттік тіркеуге жіберілмейді. Кейінгі 4 жылда нарықта адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті қоспалары бар 10 препарат анықталған.
Сырттан әкелінетін дәрілер Қазақстанда 2 кезеңдегі тексерістен өткізіледі. Бірінші кезеңдегісі тіркеуге дейінгі тексеріс болады. Ол – бізге беріліп жатқан құжаттардың заңға сәйкес келу-келмеуі және оның толықтығы. Одан кейін мамандандырылған тексеріс жүргізіледі. Ол жерде біз дәрілік заттардың сапасын, олардың өндіру жолдарын тексереміз, - деді дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы департаментінің басшысы Шынар Байдуллаева.
Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту үшін ірі шетелдік компаниялармен әріптестік құру жоспарланған. Олармен бірлескен инвестициялық жобалар іске асады. Елімізде олардың филиалдары ашылады.