«Таскілем» ұлттық бренді мемлекеттен қолдау тапса, көшелердің әрін ашқалы тұр
Қазақ жасаған тауардың сапасыз болмайтынын дәлелдейміз, - дейді шебер
Еліміздің қайсы қаласында жүрсеңіз де аяғыңыздың астына бір қарап көріңізші. Тықылдатып келе жатқаныңыз қай елдің тастөсеніші (брусчатка) екен? Әрине, отандық өніміміз емес. Ал шын мәнінде олардан артық болмаса, кем түспейтін тастөсенішті өзіміздің қара көздер де жасап жатыр. Ондай төртбұрыш, көпбұрыш, ромбик, домалақ пішінде емес, кәдімгі қазақтың қошқармүйіз оюы. Атауы да жат естілмейді: «Таскілем». Керемет пе? Онда әрі қарай оқыңыз...
«Таскілем» – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, алғаш рет қолға алынып жатқан ұлттық нақыштағы тастөсеніш. Патенттелген. Иесі, KOKTURK ЖШС-ның директоры Кенже Дүйсенбай 1989 жылы Қытайдың Алтай өлкесінде дүниеге келген. Әулеттің атамекенге қоныс аударып, Алматыда тұрып жатқанына 20 жыл болыпты.
Содан еліміздегі зауыттарда, құрылыста, соңғы 6-7 жылда базарда жұмыс істедік. Негізінен базарда жақсы нәтиже болды. Қытай, Түркия, Қырғызстаннан тауар әкеп саттық. Соның арқасында 2 жыл бұрын осы оюлы тастөсенішті жасауды бастап кеттік. Бұл енді көп жағдайда ұмытылып бара жатқан ата дәстүріміз, ұлттық құндылығымыз ғой. Соны жаңғыртқымыз келді. Қазақ жеріндегі көптеген турист келетін орындар мен мемлекеттік мекемелердің ауласына осы өнім төселсе дейміз. Сонда шетелдік қонақ нағыз мәдениетімізді, дәстүрімізді көретін еді. Жұмысты осындай идеямен іске асыруға кірістік, - дейді Кенже Дүйсенбай.
Олар осы бір ерекше тастөсенішті шығаратын зауытты былтыр Алматыда, биыл Астанада ашқан. Заңды түрде жұмыс істеп тұр. Өнімнің 3 түрлі моделі және 40-50 түсі бар. Кім қай түске тапсырыс берсе, солай шығарып бере алады.
Бұл өнім шаршы метр өлшемімен сатылады. Қазір 1 шаршы метрі – Алматыда 7 мың, Астанада 8 мың теңгеден. Қалалардағы жай тастөсенішке ұқсамайтын жері – сапасы жоғары, қалыңдығы мықты. Әдеттегі тастөсеніштердің қалыңдығы 3, 4, әрі кетсе 5,5 сантиметр десек, бұның қалыңдығы 7 сантиметр болады. Сондай-ақ оюлы болғандықтан, бұл әжептәуір күрделі жасалады, көп уақытты алады. Зауытта әртүрлі қалыптар ауысады. Сол себепті жоғарыда аталған бағаны қойып отырмыз. Ал құрамына келсек, еліміздегі зауытта жуылған таза құм, Ресей химикаттары, Қытай бояулары, Иранның 500-600 маркалы, жоғары сапалы цементтері қолданылады. Неге десеңіз, бізде бір нәрсе дұрыс жасалмаса, «қазақбайский» дейді. Сол сөзге намыстанамын. Есесіне осы өнімді 30 тонна салмақ көтеретіндей, керемет қылып жасап жатырмыз. Сапа кепілдігі – 10 жылдан жоғары. Бояуы өшпейді. Осылайша, қазақ жасаған тауардың сапасыз болмайтынын дәлелдемекпіз, - дейді рухты азамат.
Біз де қарап отырмай, жалындап тұрған шеберден неге оюдың басқа түрін емес, осы қошқармүйізді таңдағанын сұрадық. Себебін қалай түсіндіретінін бағамдап көрмек едік...
Бұрын біз апа-әжелеріміздің тігіп жатқан сырмақтарын көп көрдік. Соның үстінде өстік. Мысалы, кейбір оюды табан астына салуға болмайды. Ал біздің қазір шығарып жатқанымыз – қошқар мүйізді ою. Қошқар аталық мал болған соң, аталарымыз оны бақыт, байлық, ырыс әкеледі деп ырымдаған. Сондықтан «Бақыт бер де, бармақтай сол бақытты басып тұрар батпандай бір салмақ бер!» дегендей, қошқар мүйізді оюды табанның, құйрықтың астына сала беруге болады, - деп қысқа қайырды жауабын кейіпкеріміз.
Қазір Кенже Дүйсенбайдың қоластында 15 адам (Алматыда – 10, Астанада – 5) жұмыс істейді. Әзірге тапсырыс аздау көрінеді. Егер оюлы тастөсенішке деген сұраныс артса, жұмысшылар саны мен өнім көлемін де көбейтуге болады. Қазір зауыттарының «Таскілемді» күніне 1 мың шаршы метрге дейін шығаратын мүмкіндігі бар.
Нақты сұранысқа келсек, өнім былтырдан бері Ақтөбеде балабақша алдына, Қаражал, Балқаш қалаларында бір-бір саябаққа, Алматыда мектептердің ауласына, Жаркентте мемлекеттік мекеме алдына төселген. Қазір Көкшетауда бір тұрғын үй кешенінің ауласына әр бергелі тұр. Олардан тыс, Алматы, Қонаев қалаларында жеке адамдар біраз тапсырыс берген. Биыл Ақтөбедегі тағы бір саябаққа жөнелтіліп отыр.
Әлде де сұраныс аз болып тұр. Былтыр бір-ақ ай жұмыс істедік. Неге десеңіз, бізде қазір «Мен қазақпын!» деп кеуде керіп, ауызша күпінгенмен, іс жүзінде ұлттық рух кемшін. Шамамен екі ғасырдан кейін археологтар әр қаламызға қазба жұмыстарын жүргізетін болса, тастөсеніштерден Иранның, өзбектің, орыстың, түріктің және қытайдың моделдері шығады. Сол кездегі ұрпақтарымыз не ойлайды? Егер бұл шынымен қазақ мемлекеті болса, кез келген салада міндетті түрде өзінің ұлттық бренді дамуы керек. Ол дегеніміз – ұрпаққа үлкен мұра, - деп намысқа булықты шебер.
Өйтпегенде ше? Олар осы «Таскілем» ұлттық брендін қалыптастыру үшін Алматы облысында да, Астана төңірегінде де бірнеше әкімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырған. Ал олардың тарапынан арнайы жоба-жоспарларға енгізуге деген қызығушылық болмапты. «Өйткені біздің елде барлық жұмыс өз командасымен іске асады да бізге сырт адам деп қарайды», - деген Кенже Дүйсенбай енді таяуда соңғы үмітін үкілеп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектен де қолдау сұрап көрмек.
Осы кәсіптің бір нәтижесін шығарып, бүкіл Қазақстанға танытқымыз келеді. Оюлы тастөсеніш атамекеніміздің жүрегі – Астана мен Алматының төрінен көрініс тапса деп ойлаймыз. Кейінгі 1-2 жылда «Таскілемді» биліктегі аға-көкелеріміз әжептәуір танып-біліп қалды. Кейбіреуі, тіпті, біздің фото, видеомызды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына дейін салған. Бірақ өзімізге жеке хабарласып, қолдап-қолпаштаған жоқ. Бұл ретте ол кісілерден ақша, жер, ғимарат сұрап жатқан жоқпыз. Тек осы ұлттық нақыштағы тастөсеніштерді қай жерге төсеу керектігін көрсетсе болды, соны өзіміз салып бере аламыз. Зауыт, техника бәрін өз күшімізбен жолға қойып отырмыз, - дейді Кенже Дүйсенбай.
Иә, елім деген ердің айтып отырғанының бәрі – құптарлық. Аз да болса, сұраныс түсе бастаған «Таскілемнің» сапасына ешқандай шағым жоқ, керісінше, тұтынушылар алғыс жаудырып жатыр екен. Кенженің өзі айтқандай, «жақсы көрген жұмысың істелсе, ол кез келген жағдайда табыс әкеледі». Ол үшін әкім-қаралар да аяғының астына бір қарап қойса...