Францияда домбыра үйірмесін ашқан ұстаз сол үрдісті Вашингтонда жалғастырды
Ұлттық аспапты үйренуге асық жасөспірімдердің саны артып келеді
Америкада жүрген қазақстандықтар жас буынның ұлттық мәдениетпен сусындауына барынша күш салып келеді. Мысалы, Вашингтонда балаларға арналған домбыра үйірмесі ашылды, деп хабарлады Qazaqstan.tv.
Үйірмедегі ұстаз – Бексұлтан Сейдулла. Ол бұған дейін Францияда тұрған. Сол елде домбыра үйірмесін ашып, 2 жыл жемісті еңбек еткен. Енді Америкаға қоныс аударған соң үлгілі үрдісті үзбей, үйірменің жұмысын онда да сабақтап отыр.
Бірінші қадам – оңай күйлермен бастап, жоспарымыз бойынша «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін үйрену. Америкада балалардың домбыра тартып үйренгенін қалайтын қазақ отбасылар аз емес. Сондықтан келешекте бұл жерден күрделі күйлерді төгілтіп, қазақтың әуенін әуелетіп, Америка жұртын тамсандыратын таланттар шығып жатса, таң қалмаңыз, - деді домбыра үйірмесінің жетекшісі.
Сонымен, қазір балалар «екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрап», домбыра тартудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Ұлттық аспапты үйренуге асық жасөспірімдердің саны уақыт өткен сайын артып келеді екен.