Қымызды қазақтың ұлттық сусыны ретінде патенттеуге болмайды
Ал апорттың Алматы төңірегінде өсетіндігін растап, бекітіп алдық
Әділет министрлігі басқа ұлттық тағамдарымызбен қатар, қымызды да қазақтың сусыны ретінде патенттеу мүмкін емес деп отыр.
Өтінім берушілеріміз дәстүрлі өнімдерге, соның ішінде шұбат, құрт, қазы, ет қамыры және тағы басқалары бойынша соңғы технологияларды патенттеп алды. Ал қымызды тек қазақстандық сусын деп патенттеп алу мүмкін емес, - деді ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәли.
Осы орайда ол бұған дейін Алматының апортын «географиялық көрсеткіш» ретінде шығу тегі Алматы екендігін бекітіп алғанымызды еске салды. Айтуынша, апорттың Алматы төңірегінде өсетіндігін растауға болады.
Ал биенің сүті, қымызы әлемде өндірілетін өнім болғандықтан, оны тек Қазақстанға ғана тән деп айту орынсыз, - дейді ресми өкіл.
Айтпақшы, біз «қымызды Германия патенттеп алды» деп бекер шулаппыз. Өйткені онда қымыздың өзіне емес, оны өндіру әдістеріне ғана алған патент бар. Ал бие сүті – әлемге ортақ. Ешкім оны «қымыз» атауымен жеке патенттей алмайды. Әділет министрлігі солай түсіндірді әйтеуір.